Жаңалықтар

22 мамыр 2009
Президент Нұрсұлтан Назарбаев ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Астанаға келген делегациялар басшыларымен кездесті.
big-01a.jpg

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларға табысты жұмыс пен Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Достастық мемлекеттерінің өзара іс-қимылын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдауды тіледі.


Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылардың назарын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы ықпалдастықтың маңызына аударды.


- Егер Достастық болмағанда біздердің мемлекеттеріміздің тәуелсіздігі барынша күрделі жағдайда қалыптасар еді. ТМД аясындағы ынтымақтастық нарық жағдайында біздің мемлекеттер арасында жаңа, тең құқықтық қарым-қатынастар орнатуға жәрдемдесуде, - деп мәлімдеді Н.Назарбаев.


Президент ТМД елдерінің әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы әрекет етудің бірлескен шараларын қабылдаудың маңызына көңіл бөлді. Осы орайда экономикалық ықпалдастық және Достастық елдерінің тауарлары үшін ішкі нарықтарды өзара ашу маңызды болып табылады.


Ол жұмыссыздықпен күресті күшейтуге, Достастық елдерінен келген мигранттарға төзімділікпен қарауға, қылмыскерлікке және есірткі трафигіне қарсы күресте күш-жігерді біріктіруге шақырды.


Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, қазіргі кезде А/Н1N1 тұмауының таралуына қарсы Достастыққа мүше мемлекеттердің үйлестірілген іс-қимылы аса қажет. ТМД-ға мүше мемлекеттер осы вирусқа қарсы вакцинаны әзірлеуді қаржыландыра алатын еді.


Достастық аясында Қазақстан Президенті ұсынған «бір жылда – бір тақырып» формуласы негізіндегі жұмыс қағидасына сәйкес, 2009 жыл энергетика мәселелеріне арналды. Оның пікірінше, алдағы жылдарды миграция, көлік проблемаларын, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге арнауға болады. Егер тиісті шешімдер қабылдап, оларды бірлескен күш-жігермен жүзеге асыратын болса, ТМД тиімді жұмыс істейді.


Президент сондай-ақ Қазақстанда дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуы және дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканы дамыту жоспарлары туралы әңгімеледі, бұл мақсатта бөлінген қаражат ІЖӨ-нің 15 пайызына тең.


Кездесу барысында биылғы жылы ТМД-ға төрағалық етуші Молдованың Премьер-Министрі Зинаида Гречаный әріптестерінің атынан өздеріне көрсетілген жылы қабылдау мен іс-шараны тамаша ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына ризашылықтарын жеткізді. Ол Президентті Кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелер туралы хабардар етті. Кеңесте талқыланатын басты мәселелердің бірі ТМД-ның 2020 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясы болып табылады. Астанадағы кездесуде осы Стратегияның бірінші кезеңін жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту көзделіп отыр.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар