Жаңалықтар

24 шілде 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола облысына жұмыс сапары жалғасуда.

big-02.JPG

big-01.JPG

 

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетау қаласына келді. Мемлекет басшысының жұмыс бағдарламасы Спорт сарайы құрылысының барысымен танысудан басталды. Жалпы аумағы 18 мың шаршы метрге жуық спорт ғимаратында мұз айдыны, гимнастика залы, ұзындығы 50 метрлік жүзу бассейні және тренажер залы орналасатын болады.


Мемлекет басшысы сондай-ақ «СТ Агро» ЖШС-інде болып, Қазақстанға бүкіл әлемге танымал компаниялар жеткізетін ауыл шаруашылығы техникаларымен танысты. «Клаас» неміс компаниясының техникаларымен танысқан Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру жөніндегі бірлескен кәсіпорын құру жөнінде, ал алдағы уақытта отандық кәсіпорындарда оларға арналған қажетті бөлшектер дайындау туралы ұсыныс айтты. Бұл Ақмола облысында жаңа жұмыс орындарын ашуға, ал Қазақстанның жоғары өндірістік ауыл шаруашылығы машиналарын шығаратын елге айналуына мүмкіндік туғызады.


Сол күні Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысы бойынша 37 мыңнан астам мүшесі бар «Нұр Отан» партиясы филиалының жаңа әкімшілік ғимаратында болды. Партия жақтастарымен болған кездесуде Президент елдің аса маңызды кезең – парламент сайлауының алдында тұрғанын еске салды. Тұңғыш рет Мәжіліс депутаттары партиялық тізім бойынша сайланатын болады. Сайлауда жеңіске жеткен және көпшілік депутаттық мандатқа ие болған партия үкіметті жасақтау құқығын иеленеді. Сонымен бірге ол партия экономиканың дамуы мен елдегі әлеуметтік игіліктер үшін жауапкершілікке ие болады.


Осы орайда Президент «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы және реформаларды жүргізудегі рөлін еске салды. Өткен жылдар ішінде партия бүкіл қазақстандықтардың шынайы сеніміне ие болды. Бүгінгі күні іске асырылып отырған «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» мемлекеттік стратегиясы да осы партияның бастамасымен жүргізілуде.


- Бұл өте жауапты сәт. Сондықтан мен қазақстандықтарды сайлауға қатысып, өз пікірлерін білдіруге шақырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев митингіге жиналған қала тұрғындарына.


Президент партияның сайлауалды бағдарламасында алдағы 5 жылда елдің ІЖӨ 2 есеге ұлғайту мақсат етіп қойылғанын еске салды, тиісінше, қазақстандықтардың табысы екі есеге артатын болады. Осы кезең ішінде зейнетақының орташа көлемін 2,5 есеге ұлғайтып, оны 30 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланған, сондай-ақ бала күту жөніндегі жәрдемақы мөлшері 2,5 есеге артпақ. Қазақстанда 50 миллион шаршы метр тұрғын үй салынбақ, оның нәтижесінде 2,5 миллион қазақстандықтар қоныс тойын атап өтетін болады. Қазақстан бойынша 200 жаңа мектеп пен 200 аурухана салу жоспарланып отыр.


Президент сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-ның облыстық дирекциясының жаңа ғимаратын аралап көрді, онда Мемлекет басшысына телекоммуникациялар саласындағы ұтқыр жобалар таныстырылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар