Жаңалықтар

22 мамыр 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның Премьер-министрі Юлия Тимошенконы қабылдады.

Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.


Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан мен Украина арасындағы қарым-қатынастар біздің еліміздің үлкен қызығушылығын тудырып отыр.


Статистикалық мәліметтерге сәйкес Қазақстан мен Украина арасындағы өзара сауда-саттық көлемі соңғы бес жылда 5 еседен астамға өсіп, 2008 жылдың қорытындысы бойынша 4 млрд. долларды құраған. Президент ынтымақтастықтың нақты мүмкіндіктері анағұрлым көп екендігін атап өтті және орасан зор әлеуеттің толық жүзеге аспай жатқанына қанағаттанбағандық сезімін білдірді. Мемлекет басшысы экономикалық және саяси қызметтің барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды.


Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың толық орындалмай отырғанын атап өтті.


Өз кезегінде Ю.Тимошенко Президенттің пікірін толығымен қуаттайтынын, Украина мен Қазақстан ынтымақтастығының перспективасы зор екендігін атап өтті.


Украина Премьер-министрі Мемлекет басшысына Украинамен қарым-қатынастарды дамытып отырғаны үшін алғыс айтты және ұшақ жасау, аграрлық сектор, машина жасау салаларында ынтымақтасуға ниет білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар