Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

3 шілде 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының Индустриалық парк аймағында орналасқан өнеркәсіптік кәсіпорындар капсула-құтысын қондыру рәсіміне қатысты.
big-001E.jpg

 

Президент Индустриалды парктің аясында жүзеге асырылатын жобалармен танысты, әрі салтанатты түрде автомобиль дөңгелектерін шығаратын «Nokian», автомобильдерді құрастыратын «Nissan», локомотивтерді құрастыратын «General Electric company» зауыттарының капсула-құтысын қондырды. Дәл осы уақытта еліміздің тоғыз аймағында «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшылары» бағдарламасына кіретін индустриалды кәсіпорындардың да капсула-құтылары қондырылды.


- Бүгін біз елордамыздың даму тарихындағы тағы да бір маңызды оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Биыл тоғыз жылдық мерекесін тойлайтын Астана күні қарсаңында әлемге танымал өндірістік зауыттардың капсула-құтысын болашаққа аманат ретінде орналастырып отырмыз.

Аз ғана уақыттың ішінде Сарыарқаның кең даласында тек қазақстандықтар мен астаналықтарды ғана тамсандырып қоймай, елімізге аяқ басқан барлық қонақтарымызды да таң қалдырған әдемі, көркем, жаңа қала пайда болды. Бүгінде Астанада 700-ден астам шетел компаниялары жұмыс істеуде. Бұл бізге деген үлкен сенім. Осының айғағы ретінде келешекте Астананың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанына айналатын бүгін капсула-құтыларын қондырған үлкен өндірістік зауыттарды айтуға болады. Бұл зауыттар – автомобильдерді құрастыратын жапондық «Nissan» компаниясы, локомотивтерді құрастыратын әлемдік көшбасшы «General Electric company» компаниясы, сапалы автомобиль дөңгелектерін шығаратын «Nokian» компаниясы. «Қазақстанда жасалған» деген маркалы тауарлар әлемдік нарыққа шығып қана қоймай, біздің еліміздің жарқын белесін танытатын болады, - деді Президент салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде.


Мемлекет басшысы бүгінде Үкімет пен отандық беделді бизнес өкілдері «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшылары» бағдарламасын жүзеге асыру барысында бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Бағдарлама аясында жалпы құны 56 миллиард долларды құрайтын 86 инновациялық жобалар таңдап алынды.


- Бұл кәсіпорындарды іске қосу арқылы біз «жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды», инновациялық Қазақстанды көретін боламыз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Белсенді, озық жобалардың тұсаукесер рәсімі аясында Елбасына тікелей эфир арқылы Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласының әкімдері индустриалды жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімдеді.


Осылайша бүгін елімізде жалпы құны 900 миллиард теңгені құрайтын Қазақстан экономикасын жаңғыртудың негізгі бағыттарына бағытталған 22 озық жобалар іске қосылды.


- Өздеріңіз көріп отырсыздар, еліміздің индустриалды бағдарламасы жұмыс істеуде. Тек соңғы үш жыл ішінде елімізде 615 кәсіпорын іске қосылды. Бүгін сіздердің назарларыңызға еліміздің 30 корпоративті көшбасшыларының қатарына кіретін 22 жаңа өндірістік жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берілді. Олар жоғары сапалы өнімді экспортқа шығаруға бағытталған экономикамыздың тегеуріні болмақ. Осылайша біз шикізаттық қажеттіліктен құтылатын боламыз.


Мен 2015 жылы ел экономикасы 3-3,5 есе өседі деп айтқан кезде, осы жобалардың ол уақытта өнім бере бастайтынын есепке алған едім, - деді Нұрсұлтан Назарбаев тұсаукесер рәсіміндегі қорытынды сөзінде.


Сол күні Мемлекет басшысы Астана қаласындағы «Жерұйық» және «Арай» жаңа саябақтарын аралап шықты. «Жерұйық» саябағы қаламыздың «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданында, ал «Арай» елорданың жаңа әкімшілік орталығынан орын тепкен.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар