National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстанның Олимпиадалық құрамасының спортшыларымен Сочиде кездесу

2014 жылғы 07 ақпан

 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ұлттық олимпиадалық комитетінің қонақ қабылдау үйінде өткен кездесу барысында Сочидегі Олимпиада ойындардың өткізілу тарихында республикамызға географиялық жағынан ең жақын тұрғанына тоқталды. Олимпиадалық құраманың мүшелеріне сөз арнаған Қазақстан Президенті спорттың біріктіруші күш екенін атап өтті. 

– Сіздердің әрқайсыңыздың олимпиадалық лицензияны жеңіп алуыңыздың өзі – спорттық карьерадағы үлкен жетістік. Лондон Олимпиадасынан кейін біз спорттық жетістіктер деңгейін жоғары көтердік, мен енді сіздерге жаңа жеңістер тілеймін. Бүгінде мемлекет сіздердің халықаралық аренада зор жетістіктерге жетулеріңіз үшін барлық жағдайды жасап отыр. Менің тапсырмам бойынша барлық қажетті қаражат бөлініп, спорт ғимараттары салынды, сіздермен бірге үздік отандық және шетелдік бапкерлер жұмыс істейді. Өз басым сіздерді әрдайым қолдаймын және жетістіктеріңізді қадағалап отырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев газеттер мен телевидениенің арқасында қазақстандықтар олимпиадашылардың әрқайсысын білетінін және оларға бүкіл еліміз шынайы жанкүйер болатынын айтты.

– Жанкүйерлер бірінші рет Олимпиаданы жаңадан ашылған «ҚазСпорт» арнасынан көреді. Сіздер үшін миллиондаған отандасымыз жанкүйер болады және сіздерден жоғары нәтиже күтеді. Біз Сочидегі басты сайысқа олимпиадашылар мен жаттықтырушылардың барлығы жақсы дайындалғанын білеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылғы қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізуге Алматының кандидатурасы ұсынылғанын, елімізде заманауи спорттық инфрақұрылымдар және жарыстарды ең жоғары деңгейде өткізу тәжірибелері бар екенін атап көрсетті.

Кездесу барысында олимпиадалық команда мүшелері өздеріне ұдайы көңіл бөліп, қолдайтыны үшін Мемлекет басшысына ризашылықтарын білдірді, сондай-ақ естелік кәдесый тапсырды.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті спортшыларға денсаулық, күш-жігер және олимпиадалық жеңіс тіледі.

Мемлекет басшысы сондай-ақ қонақ қабылдау үйіндегі кездесу барысында «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің Астанада дүниежүзілік көрмені өткізу жоспарлары туралы және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің 2022 жылғы қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізуге Алматы қаласы өтінімін дайындау барысы жайлы есептерін тыңдады.       

      


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің