Жаңалықтар

15 маусым 2018
Мемлекет басшысы Қазан федералдық университетіне барды
Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасы, Қазан қаласы

Жұмыс сапары аясында Қазақстан Президенті Қазан федералдық университетіне барды.

Оқытушы-профессорлар құрамымен кездесудің алдында Нұрсұлтан Назарбаев Қазан қаласында оқып жатқан Қазақстан студенттерімен әңгімелесті. Мемлекет басшысы жас қазақстандықтарға толағай табыс тілеп, зор жетістіктерге жетулеріне ниеттестік білдірді.   

Мемлекет басшысына Қазан федералдық университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.

Ресей Федерациясының жетекші оқу орындарының бірі саналатын университет ұжымына арналған сөзінде Қазақстан Президенті білім ордасының академиялық және ғылыми базасы мықты екенін, сондай-ақ оның инновациялар саласындағы нақты жетістіктерін атап өтті.  

– Тарихи деректерге сәйкес, Қазан университетінде 1877 жылдан бастап қазақ интеллигенциясы да білім ала бастаған. Оқу орнының Қазақстанмен тарихи байланысы бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны қуантады. Қазіргі уақытта мұнда түрлі мамандық бойынша 500-ден астам қазақстандық студент оқиды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің 25 жылдық дипломатиялық қатынастары кезеңінде екі жақты саяси және экономикалық ынтымақтастық үлгі боларлық дәрежеге жеткенін атап өтті.

– Тығыз ынтымақтастығымыздың арқасында ТМД кеңістігінде жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ пайда болды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты Астана мен Мәскеудің стратегиялық серіктестігінің маңызды элементі деп атады.  

– Қазақстан үшін бауырлас татар халқының орны ерекше. Біздің тарихи тамырымыз ортақ, тіліміз, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз ұқсас. Елдеріміз арасындағы тарихи достық дәнекері Қазақстан мен Татарстанның қазіргі кезеңдегі ынтымақтастығы үшін берік негіз болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.      

Нұрсұлтан Назарбаев екі мәдениет пен халықты жақындастыра түсу ісінде татар диаспорасы маңызды рөл атқаратынына назар аударды.

Қазақстан Президенті Татарстан Республикасымен бірлесе жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде айтты.

– Біз машина жасау, мұнай химиясы, әскери-техникалық және көлік-логистикалық ынтымақтастық салаларында түрлі инвестициялық жобаларды бірлесе іске асырып келеміз. Біздің елордаларымыз – Астана мен Қазан арасында бауырластық байланыс орнаған, ал Алматы мен Қазан серіктес қалалар саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның цифрландыру және технологиялық революция жағдайындағы экономикалық даму үдерісі жөнінде айтты.

Мемлекет басшысы адами капиталдың әлеуетін арттыру және интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін Қазақстан тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі. 

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Тілдің үштұғырлылығы» жобасының іске асырылу барысы және еліміздің орта білім беру жүйесіне ІТ-технологияларды енгізу жөнінде айтты.   

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда халықаралық бағдарламалардың талаптарына сәйкес балаларды жаратылыстану-математика пәндері бойынша оқытуға бағдарланған 20 зияткерлік мектеп салынғанын атап өтті.

– Индустриялық-инновациялық даму үдерісінің талаптарын ескеріп, техникалық және кәсіби білім беру ісінің құрылымы мен мазмұны жаңғыртылуда. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны саналатын «Назарбаев Университетінің» салынуы еліміздің жоғары білім беру саласындағы ең ірі және маңызды жобасына айналды. Бұл – халықаралық стандарттарға, дербестік және академиялық еркіндік қағидаттарына сәйкес жұмыс істейтін Қазақстандағы алғашқы университет, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасының нәтижелері жөнінде де әңгімеледі.      

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік пен достық қатынастарды нығайту қажеттігіне назар аударып, бұл мәселеде жастар маңызды рөл атқаратынын атап өтті.  

Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев Астана мен Мәскеу ынтымақтастығын одан әрі ілгерілету үдерісіне екі елдің өскелең ұрпағын белсенді түрде тартуды көздейтін бірқатар іс-шара ұйымдастыруды ұсынды.

– Қазақстан мен Ресейдің жас көшбасшыларының форумын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл басқосу жастарға мемлекеттерімізді дамытудың өзекті мәселелеріне қатысты өз ойларын ортаға салуға және нақты ұсыныстар әзірлеуге  мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мәдени байланыстарға тың серпін беріп, елдеріміздің дарынды және шығармашыл жастарына қолдау көрсету мақсатымен жас орындаушылардың, суретшілер мен музыканттардың жыл сайынғы байқауларын өткізуді жандандыру керек, – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті спорт саласындағы ынтымақтастықты да нығайту қажеттігін атап өтті.

– Біздің жас спортшыларымыз арасындағы байланыстар өзекті болып саналады. Екі ел жастарының арасында тұрақты түрде турнирлер өткізуді студенттер қауымы қолдайды деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Соңында Мемлекет басшысы Қазақстан-Татарстан достығы мен өзара түсіністігінің ізгі дәстүрі халықтарымыздың игілігі үшін жалғасын тауып, нығая беретініне сенім білдірді. 

Құрметті профессор атағын беру рәсімі аяқталған соң Қазақстан Президенті Қазан федералдық университетінің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар